О насМухаммад (с.а.в.)Мекка onlineГрозный onlineЛунный календарьСМИ о насКонтакты
Журнал для женщин
Обратная связь

Статьи

 
22 февраля 2011 г.
СМИ о нас. Қазақ халқына мәңгілікке қарыздармыз.

Кешегі тоталитарлық заманда, кеңестік жүйе үстем болып тұрғанда талай халық жер аударылып, ата жұртынан айрылды. Осындай депортацияға ұшыраған ұлттардың бірі – чешен мен ингуш халқы. Олар үшін 1944 жылғы 23 ақпан – нағыз қайғылы күн, қара аспанды түнек басқан күн. Дәл осы күні Чешен-Ингуш АССР-нің тұрғындарын жаппай қамауға алып, әскердің күшімен теміржол вагондарына тиеп, алыс жатқан Қазақстан мен Қырғызстанға жіберу басталған еді. Шынына келгенде, мұндай бүкіл бір халықты жер аударып, көшіріп жіберу жоспарын бұрынғы КСРО басшылары 1943 жылдың күзінде іске асыра бастағанға ұқсайды. НКВД-ның мұрағат құжаттарында жазылғанындай, 1943 жылы қазан айында КСРО НКВД бастығының орынбасары Б.Кобулов Чешенстанға келіп, басшылармен «Чечевица» операциясының жай-жапсарын талқылаған. Бұл жоспар бойынша 500 мыңға жуық чешен мен ингуштарды Кавказдан жер аудару көзделген. Ал қараша айында осы ведомство басшыларының бірі В.Чернышев Алтай мен Красноярск өлкелері, Омбы мен Новосибирск облыстары НКВД басқармасы бастықтарымен кеңейтілген мәжіліс өткізеді. Осы жиында Алтай өлкесі, Омбы облысы мен Красноярск өлкесіне 35-40 мың адамнан, Новосибирск облысына 200 мың адамды көшіру жөнінде әңгіме болған. Алайда, тау халықтарын жер аударудың бұл жоспары кейін өзгеріп, оларды Қазақстан мен Қырғызстанға жіберуге шешім алынады. 1943 жылы желтоқсанда КСРО ішкі істер халық комиссарының орынбасары В.Чернышев жазған анықтамада чешендер мен ингуштарды Қазақстан мен Қырғызстанға бөліп орналастыру мә­­лімденген. Осы анықтамада аталмыш мәселені талқылауға Қазақ ССР-нен халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Тәжиев пен ішкі істер халық комиссары Богданов қатысқаны жазылған. Сонымен, арнаулы жер аударылғандар деп атақ тағылған чешендер мен ингуштар Қазақстанда былай орналасатын болды: Ақтөбе облысына – 27 мың адам, Солтүстік Қазақстан облысына – 50 мың адам, Қостанай облысына – 50 мың адам, Қызылорда облысына – 15 мың адам, Алматы облысына – 50 мың адам, Семей облысына – 33 мың адам, Шығыс Қазақстан облысына – 45 мың адам, Қарағанды облысына – 30 мың адам, Павлодар облысына – 50 мың адам, Ақмола облысына – 50 мың адам. Осылайша, барлығы 400 мың адамды Қазақстанға бөлу жоспарланған.
Сол жылдардың шежіресіне сәйкес, 1944 жылғы 17 ақпанда Берия арнаулы операцияға даярлық жасау аяқталды, Владикавказ бен Дағыстанда тұратындарды қосқанда есепке 459 486 адам алынды деп Сталинге мәлімдейді. Жоспар бойынша 310 620 чешен мен 81 100 ингуш көшірілуге тиіс болды. Операцияға даярлық кезінде қанша көлік қажет екені анықталып, 14 200 вагон, 1 мың платформа керектігі айтылған. Жоспар өте құпия жағдайда жүргізілген. «Чечевица» операциясын іске асыруға НКВД мен КГБ-ның, «Смерш» отрядтарының 19 мың оперативтік қызметкерлері, НКВД әскерінің 100 мыңдай офицерлері мен солдаттары тартылған. Алдымен Чешен-Ингуш облыстық партия комитеті мен халық комиссарлар кеңесі «Солтүстік Кавказ әскери округінде тау жағдайында тактикалық жаттығу өткізу даярлығын қамтамасыз ету туралы» арнаулы шешім шығарады. Осыған байланысты Чешен-Ингуш АССР-не көп мөлшерде әскери бөлімдердің солдаттары, әскери училищелердің курсанттары әкелінеді. Шын мәнінде тактикалық жаттығу емес, бүкіл бір халықты көшірудің жасырын жоспары жасалып жатқан болатын.
Чешен мен ингуш халқын жер аудару мәселесі Одақтың ең жоғарғы басшыларының қатысуымен шешілгені айқын. Бұл жөнінде мынадай фактілер бар. 1944 жылы 31 қаңтарда КСРО мемлекеттік қорғаныс комитеті чешендер мен ингуштарды Қазақ және Қырғыз ССР-не көшіру жөніндегі қаулыны бекітеді. Ал 21 ақпанда КСРО НКВД-сы депортация туралы бұйрық шығарып, осыдан кейін барып КСРО Жоғарғы кеңесі президиумы 1944 жылдың 7 наурызында Чешен-Ингуш АССР-ін тарату туралы жарлық қабылдайды. Осы жарлық шыққан кезде Солтүстік Кавказдағы чешен мен ингуштар қуылып тасталған болатын. Яғни, бүкіл бір халықты жер аударуға НКВД-ның бұйрығы жеткілікті болды. Сонымен, 1944 жылы 20 ақпанда Грозный қаласына КСРО ішкі істер халық комиссары Л.Берия және оның орынбасарлары-генералдар Б.Кобулов, И.Серов, С.Мамулов келеді. Олардың тікелей басшылығымен «Чечевица» операциясы екі күннен соң басталып, қосымша әскери күштер тартылады. Сөйтіп, 23 ақпан (сәрсенбі) күні таңертең әрбір үйге екі-үш солдат келіп, ауылдарды қарулы адамдар қоршап алып, ұйқыда жатқан бала-шаға, кемпір-шалды үйлерінен күштеп шығарады. Олардың қолдарына іліккен киім-кешегі мен аздаған азығын алуға ғана шамалары келеді. Ер азаматтардың көбі майданда болатын. Әскери архивтің мәліметі бойынша, бұл кезде 40 мыңдай тепсе темір үзетін чешен мен ингуш азаматтары кеңестік әскердің қатарында фашистермен соғысып жатқан. Аш-жалаңаш халықты жаяулы-жалпылы жақын маңдағы теміржол станцияларына қуып әкеліп, ағаш вагондарға тиеп ала жөнеледі. Жер аудару кезінде теміржол вагондарынан басқа Иран арқылы ленд-лизге (көмек көрсету) АҚШ-тан алынған «Судабекер» машиналары пайдаланылды. Сол 23 ақпан күні 333 739 адам еріксіз көшірілген, оның 176 950-і вагондарға тиелген. Жер аудару қиын жағдайда іске асырылды, себебі тауға қалың қар түскен болатын. Жергілікті халықты күштеп көшіру барысында адам шығыны көп болды. Жүруге шамасы келмеген шал-кемпірлерді сол жерде атып тастаған оқиғалар болды. Таулы аймақта тұратын адамдардың көбі орыс тілін түсінбейтін еді. «Не оңға, не солға аттасаң – атыласың» деген команданы түсінбегендер оққа ұшты. Адамдарды малша айдаған опыр-топыр кезде шығын болуы ықтимал еді. Ал алыс ауылдардан адамдарды белгіленген уақытта жеткізе алмаған НКВД-ның баскесерлері таулықтардың көзін жойып жіберген фактісі кездескен. Сол күндерден аман қалған куәгерлердің айтуынша, бұрынғы Галанчожск ауданындағы Хайбақ аулының 700-ге жуық тұрғындарын мал қораға қамап, өртеп жіберген. Мұндай хайуандық акциясын генерал М.Гвешиани басқарған ішкі әскерлер жүзеге асырған. Ингушетияның Цори және Таргим ауылдарында осындай оқиға орын алған. Ал бос қалған елді мекендерден бағалы заттар машинаға тиеліп, араб әрпімен жазылған зираттағы ескерткіштер қиратылғанын биік тауларда қой баққан малшылар бинокльден көріп тұрған. Араб тілінде жазылған діни кітаптар машинаға тиеліп, Грозный қаласындағы Пионерлер сарайының қасындағы әжетханаға әкеліп төгіліп, өртеліп жіберілген. Таудағы ерте дүниеден келе жатқан тарихи-архитектуралық ескерткіштер, ескі мұнаралар мен қор­ғандар құлатылған. Мысалы, Аргун шатқалындағы 300 мұнараның 50-і ғана аман қалған.
Ең қиыны – адамдардың қырғынға ұшырауы еді. Жүк таситын ағаш вагондарда бірнеше апта бойы адам төзгісіз жағдайда жол жүру оңай болмады. Оның үстіне қақаған қыс болатын. Осы жол үстінде көптеген чешен мен ингуш аштықтан, суықтан, аурудан қаза тапты. Бұдан соң қазақ даласына аяз үскіріп, боран соғып тұрғанда келген таулықтар осы өңірдің ауа райына үйрене алмай тағы шығынға ұшырады. Олардың көбі кәрі-құртаң, әйелдер мен балалар еді. Сол уақыттағы статистикалық мәліметтерге сәйкес осы жер аудару нәтижесінде 200 мыңдай чешен және 30 мыңдай ингуш қаза тапқан. Яғни, әрбір екінші немесе үшінші адам ажал құшқан. Сонымен 1944 жылы Қазақстанға 239 768 чешен, 78 479 ингуш жер аударылды. Оларға кейіннен қызыл армия қатарынан босатылғандар келіп қосылды. Қазақстандағы отбасыларына әскерден қайтқан 60 мыңнан астам солдат пен офицер қоныс тепкен. Чешен-Ингуш АССР-нің партия-кеңес қызметкерлері 1944 жылы 29 ақпанда бөлек эшелонмен Алматыға жөнелтілген. Аталмыш операция 1945 жылы да жалғасады. Сол жылғы қазан айында Қазақстанда 405 900 чешен мен ингуш есепте тұрған. Оларды қатаң бақылауға алу үшін жергілікті жерлерде 1358 қызметкері бар 145 аудандық және 375 поселкелік комендатуралар құрылған. Жер аудару үрдісі 1953 жылға дейін жалғасқан. Тауға тығылып, қолға түскен адамдарды Қазақстанға жіберу тоқтатылмаған.
Архив материалдары бойынша Қарағанды облысына 10 мың отбасы немесе 50 мың адам орналастырылған. Оның 30 мыңға жуығы өнеркәсіпке, яғни шахталар мен заводтарға жіберілген. Атап айтқанда, «Карагандауголь» шахталарына 7 мың, Балқаш заводы, Қоңырат руднигі, Жезқазған комбинатына 13 мың, қара металлургия құрылысына 5 мың, жергілікті өнеркәсіпке 4 мың адам жіберілген. Облыстың колхоздарына 20 мың адам орналастырылған. Соның ішінде Осакаров ауданына 4500 адам, Ворошилов пен Қарқаралы аудандарына 2 мыңнан, Тельман ауданына 4 мың, Жаңаарқа ауданына 1500 адам, Шет ауданына 1 мың адам, Нұра ауданына 3 мың, Қоңырат ауданына 1500, Қу ауданына 500 чешен мен ингуш қоныс тепкен. Ауылға жіберілгендер мал бағуға, астық пен көкөніс өсіруге жұмсалған.
Енді осы депортацияны басынан кешкен, сол аласапыран заманның сұмдығын көзімен көрген куәгерлерді тыңдап көрелік. Бүгінде 80 жасқа толып отырған чешен ақсақалы Зия Умаров Осакаров ауданының бұрынғы «Маржанкөл» совхозының № 1-ші бөлімшесі болған Құрқопа ауылында тұрады. 1944 жылы Қазақстанға жер аударылып, осы ауылға келгенде ол бар болғаны 13 жаста екен. Міне, 67 жылдан бері Құрқопада тұрып, осы жерді қонысқа айналдырған Зия ақсақал қазақшаға судай. Өмір бойы совхоздың малын бағып, сол үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен және бір­неше медальмен наградталған. Қазір осы ауылдың ақсақалы атанып, еңбек ардагерлерінің қатарына қосылған Зия ақсақалдың сол күндер туралы естелігін тыңдап көрелік.
– Біздің ата-бабаларымыз Кавказдың биік тауларында өмір сүріпті. Төменге тек жаяулап ғана түседі екен. Осы депортацияның алдында әкеміз өзінің отбасын, яғни әйелін және төрт баласын Закан-Юрт деген ауылға әкелген екен. Осы ауылға тұ­рақтап, үй салмақ ойда болса керек. Өзі қайтадан тауға барып, керек дүниені алып келмекші болады. Ол жоқта дәл сол күні бізді алды-артымызға қаратпай әскери адамдар дедектетіп ала жөнелді. Содан ағаш вагонға кілең бала-шаға, кәрі-құртаң мен әйелдерді тиеп қоя берді. Қайда бара жатқанымызды білмейміз. Оның үстіне таудан енді ғана түскен біз орысшаны тағы түсінбейміз. Үстімізде дұрыс киім, ішер асымыз да болмады. Тарсылдаған ағаш вагонның ішінде күні-түні кетіп барамыз. Арасында тоқтатып, дәрет сындыртады. Аздап тамақ береді. Біраз адам вагонның ішінде өліп қалды. Оларды үлкендер поезд тоқтағанда қарға көміп кетеді. Осылайша, көп бейнетпен наурыз айының орта тұсында Осакаров станциясына жеттік. Бізді ат шаналы адамдар күтіп тұр екен. Уызбай аулына әкеліп, мәдениет үйіне орналас­тырды. Моншаға түсіріп, ыстық тамақ берді. Жолдан қажып келген бізге бұл әжептәуір көмек болды. Содан комендатура бізді әр ауылға бөліп жіберді. Менің әкемнің бір пысық қарындасы бар еді. Өзі ауқатты болатын. Сол әскери адамдармен келісіп, бүкіл дүниесін алып келді. Бізге ол кісі бір-екі көрпе ғана берді. «Бірақ мына балалар баратын ауылға мені жібермеңдер» деді. Бізді асырағысы келмеген олар. Қасымызда өзі жуас, бірақ қолында ештеңесі жоқ әкемнің інісі бар-ды. Ол айтты: «Сен-ақ тірі қа,л бұл балалар менімен болсын» - деді апамызға.
Содан біз осы Құрқопаға келдік. Қазақ ауылы екен. Бізді олар мұсылман деп жақсы қарсы алды. Соғыс уақыты ғой. Ауылдағылардың да жағдайы онша емес болып шық­ты. Бізді Нажмиден Ашуев деген қазақтың үйіне орналастырды. Бар-жоғы екі бөлме, ортада жал пеш бар. Төргі бөлмеде үй иесі, әйелі мен баласы, төменгі бөлмеде біз төрт адам тұрамыз. Нәжмиденнің бір аяғы ақсақ, өзі жұмыс істейді. Сырттан келгенде «мыналарға тамақ бердің бе?» деп сұраса, әйелі берседе-бермеседе «бердім» дей салады. Содан бізден сұрайды, тілін түсінбейміз. Аузын көрсетіп ымдайды. Әйелі тамақ берсе басымды изеймін. Бермесе, шайқаймын. Нәкең сосын оны жерден алып, жерге салады. Айғайлап ұрсады, бірақ ұрмайды. Әйелі бірден бізге тамақ әкеліп береді. Сөйтіп жүргенде, көктем жақындады. Ауылдың адамдары бригада басына барды. Үлкендерге еріп мен де бардым. Бригадир ер адамдарға бір-бір соқа мен қос өгіз берді. Мен де барып бір өгіздің бас жібіне жармастым. Тіл білмегендіктен, мен де жұмыс істеймін деген ишаратым еді. Үйленбеген Сұлтан деген соқашы болатын, сол мені көтеріп алып бір өгіздің үстіне отырғызып қойды. Сүйегі құйрығыма батып барады, бұлтаң-бұлтаң етіп түсіп қала жаздаймын. Ертеңіне жер жыртуға шықтық. Сұлтан бишікті үйіріп, сартылдатып, өгізді қалай айдау керек екенін үйретті. Сол бишіктің сартылдағаны әлі құлағымда, пистолеттің даусы сияқты. Бір-екі күнде оны үйреніп алдым. Бригадамызда Рамазан деген учетчик бар. Ол да үйленбеген жас жігіт. Сұлтан екеуі түнімен қыдырып кетіп қалады. Қостағы барлық көрпені жамылып, рақаттанып мен жатамын. Өздеріне берілген нан мен тамақты жемейді, маған тастап кетеді. Өздерінше маған жандары ашығаны ғой. Үстімде жөнді киім де жоқ, өзім жүдеумін. Содан артық тамақты қойныма тығып алып, түнде жүгіріп ауылға келіп, үйдегілерге әкеліп беремін. Үйде анам, екі кішкене қарындасым, інім бар ғой. Міне, шырағым мен 13 жасымнан бастап бір үйді осылай асырадым. Қазіргі 13 жастағылар алдындағы асын дұрыс алып іше алмайды. Жұмыс істегенім үшін колхоз еңбеккүн төледі. Бидай, ет, сүт берді. Жазда шөп шабуға қатысып, тағы да өгіздің басына отырдым. Сөйтіп жүріп, ілігіп кеттік. Қазақша үйрендім, қазір өз ана тілімнен артық білемін. Қазақтармен дос болып, дастарқандас болдық. Ержеткен соң мына Богучардағы Гүлаз деген чешен қызына үйлендім. 1957 жылы комендатура тарап, бізге еркіндік берді. Одан кейін жағдайымыз тіпті жақсарды. Жұмысты жақсы істедім, сол үшін орден берді, екі рет Мәскеуге ВДНХ-ға барып келдім. 12 бала көрдім, қазір олардан 29 немере, тіпті шөбере де бар. Балаларым әр жерде тұрып жатыр. Екі қарындасым Кавказға көшіп кеткен. Мен де барып екі ай тұрып келдім. Бірақ ол жақты онша ұнатпадым. Енді еш­қайда кетпеймін. Мына зиратта анам Хасей, інім, бір балам жатыр. Мен де солардың қасына жататын шығармын. Жасымда қиындықты көп көрсем де, өмірім жақсы өтті. Дегенмен, арман біте ме?
Беу, дүние-ай! Жоғарыда жер ауған кезде әкемнен көз жазып қалдым дедім ғой. Ақыры тірі кезінде оны көре алмадым. 1949 жылы Талдықорған жақтан келе жатқан бір чешен адамы үйге келіп қонды. Інілерін іздеп жүр екен. Есімдері кім деп сұрадым. Айтты. «Өй, оларды мен білемін, мына Қараойда тұрады» дедім. Содан мен әкемнен адасып қалғанымды айттым. Кім деді. Осылай-осылай. «Бәле, ол кісі бізбен бірге бір ауылда тұрады. Сендерді іздеп жүр» деді. Қуанып кеттім. Сізбен бірге еріп барайыншы дедім. «Жоқ, сен әлі жас екенсің, әкең өзі іздеп келеді» деді қонағымыз. Ол уақытта комендатура біздерді әрі-бері жүргізбейтін. Содан біраз уақыт өткенде хат келді. «Әкелеріңіз ауырып қайтыс болды, бәлен жерге жерледік» - депті. Кейін бостандық беріліп, ес жиған соң шешемді ертіп алып, әкемнің басына Құран оқытып қайттым. Бір тайынша, екі қой сойып бүкіл ауылды Құранға шақырып, ас бердік. Осылайша, әкеммен өлідей қоштастым.
Жалпы, біз қазақ халқының арқасында аман қалдық қой. Сонау Кавказдан арып-ашып келгенде қазақтар асырап сақтады. Өздері аш болса да, бір құрты болса да бөлісті. Біз оны ешқашан ұмытпаймыз. Дініміз бір, мұсылманбыз. Чешендер де қазақтар сияқты ет жемесе отыра алмайды. Салт-дәстүрімізде ұқсастық бар, ұрпаққа тәрбие беру, отбасының берекесін сақтау тәрізді ортақ ұқсастықтарымыз бар. Мен әлі күнге дейін соғымға семіз жылқы соямын. Қолымыздан келгенше біз де қазақтарға жақсылық жасаймыз. Мен өз басым бір борышымды өтедім. Жоғарыда Нәжмеден деген ақсақалдың үйінде тұрдық дедім ғой. Біз келгенде оның өгей ұлы болатын. Одан соң өзінен Қоңырқаз деген ұл туды. Кейіннен ақсақал да, бәйбіше де қайтыс болды. Өгей ұлы Балықтыкөлге көшіп кетті. Қоңырқаз біздің қолымызда қалды. Қарқаралының мал дәрігерлік техникумын бітірді. Бір күні үйленем дейді. Қызы Етек деген ауылда екен. «Құдалыққа сіз барасыз» дейді. Тағы бір чешен досымды ертіп алдым. Енді бір қазақты алайық десем, Қоңырқаз болмайды. «Жоқ Қоқан, әдет-ғұрыпты жақсы білетін, аузында сөзі бар бір қазақсыз болмайды, мұның дұрыс емес» дедім. Содан не керек бір қазақ азаматын алдымызға салып, құдалыққа бардық. Жақсы қарсы алды. Құданың жалғыз қызы екен, басқалары ұлдар. Содан ұзату тойын жасап, бізді үш күн бойы жібермей қойды. Келінді алып келдік. Той жасайық десек, сельсовет асхананы бермейді. Көп адамды жинап, үйге той жасадық. Ол уақытта менің жағдайым жақсы еді. Содан келін мен бала біраз біздің үйде тұрды. Жолдамамен Нұра ауданына жұмысқа кетті. Кейіннен сол Қоңырқаз совхоздың директоры болды. Әлі күнге араласып тұрамыз. Міне, мен де осылайша жақсылыққа жақсылық жасадым, - деп Зия ақсақал әңгімесін аяқтады.
Бүгінде 79 жасқа келген Ахмед Муртазов ақсақал 35 жыл Қарағанды шахталарында кенші болып жұмыс істепті. «Шахтер даңқы» төс белгісінің 3 бірдей дәрежесімен, Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталған. Өткен өмірін былай еске алады.
– Біз Грозный қаласының маңында тұрған едік. 23 ақпанда Грозный қаласынан вагонға тиеп алып шықты. Әкем бөлек вагонда кетті. Мен шешеммен бірге болдым. Бала кезде көрген нәрсе есте қалады ғой. Мен ол уақытта 12 жаста болатынмын. Қараңғы вагонда ұзақ жүріп келдік. Бәрі көрген түс сияқты. Содан Қарағандыға келіп, ескі қалаға тұрақтадық. Бір жарым жылдан соң шешем ауырып қайтыс болды. Ешқандай туысым жоқ, мүлде жалғыз қалдым. Содан базарда жүрген бір қазақтың бәйбішесіне «апа, апа» деп жармастым. Ол кісі біраз уақыт үйіне паналатты. Сөйтіп жүргенде ол апам да қайтыс болды. Сөйтіп дал болып жүргенде ФЗО ашылып, сонда оқуға алындым. Жерасты тау-кен жұмысшысы деген мамандық алып шықтым. Содан 33/34 Майқұдық шахтасында, Костенко атындағы шахтада, бірінші вертикаль немесе «Стаханов» шахтасында көмір қаздым. Жер астындағы көп мамандықты игердім. Кешенді бригаданың бригадирі болдым. «Донбасс-1», «Донбасс-2» комбайндарын меңгердім. Қаншама артта қалған бригаданы алдыңғы қатарға шығардым. Сол үшін үкіметтің наградасына ие болдым. Еш кезексіз «Волга» машинасын сатып алу құрметіне ие болдым. Қазір кенже ұлдың қолында тұрып жатырмын. Немерелерім өсіп келеді. Біз Қазақстанды өз отанымыз санаймыз. Басқа ұлттармен тату-тәтті тұрып жатырмыз. Әсіресе, Президентіміздің саясатын қол­даймын. Елімізде тыныштық болуы Елбасының еңбегі деп санаймын. Басқа елдерде не болып жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, осындай бай-қуатты өмір сүріп жатқанымыз үшін үкіметке ризашылық білдіремін.
Ал жасы жетпіске келген еңбек ардагері Анди Хасуеев депортация кезінде бесіктегі бала екен. Сол уақыттағы оқиғаларды өзі білмесе де әке-шешесінің айтқанынан біледі. Жасынан жоқшылық көріп, тұрмыс тауқыметін тартса да ол өз бетінше тырмысып, жоғары білім алуға ұмтылған. Кешкілік слесарь болып жұмыс істеп жүріп, Қарағанды политехникалық институтын күндізгі бөлімде бітірген. Көп жыл автопарктің директоры болған. Анди аға тәп-тәуір қазақша сөйлейді. «Қалада тұрып, қазақ тілін қайдан үйрендіңіз» деп сұрадық. Оған бір кездері облыс басшысы болған Сұлтан Досмағамбетов себепкер болғанын айтады. Қызмет барысында кездесіп жүргенде Сұлтан Қапарұлы: «Анди, сен неге қазақша білмейсің, мына Яков Пазенконы қарашы, тіпті біздерді жаңылдырады» дейді. Намысын қамшылаған осы сөзден соң Анди аға екі ай бойы үздіксіз қазақ тілін үйреніпті. Қазір зейнеткер. Анди Шомстиевич бізбен әңгімесінде чешендердің аман қалуына қазақтардың себепкер болғанын баса айтты. Өз заманында Д.Қонаев чешендерге жақсы қарағанын, қазір Н.Назарбаев тау халықтарының басқалармен терезесі тең болуына жағдай жасап отырғанына ризашылық білдірді.
Осындай игі тілекті «Вайнах» ұлттық мәдени орталығының бұрынғы төрағасы Халиму Касумов пен зейнеткер Суаим Исакиев те қостады әңгіме барысында. Ал Балақажы атындағы Майқұдық мешітінің наиб-имамы чешен тілінде еркін сөйлейтін Серік Ілиясов былай деді:
– Менің туған жерім Солтүстік Қазақстан облысы. Біздің ауылда депортацияға ұшыраған чешендер көп болды. Чешен балаларымен бірге ойнап өстік. Сол қиын-қыстау кезде оларға жергілікті қазақтар үлкен жәрдем берді. Бір бауырсақ, бір құртқа дейін бөлісті. Ол заманның адамдары қайырымды еді ғой. Чешендер – жақсылыққа жақсылықпен жауап беретін халық. Біреуге кегін жібермейтін жаужүректілігі тағы бар. Біздің отбасымыз соғыстан кейін Қарағандыға көшіп келді, Ескі қалада чешендермен бірге тұрдық. Содан олардың тілін, әдет-ғұрпын жақсы білемін. Менің ұлы әжем черкестің қызы екен. Сондықтан, тау халықтары мені жиен деп санайды. Той-домалақтарына шақырып тұрады. Сөйтіп, мен бұл ұлтпен тығыз араласып, туыс болып кеттім. Жалпы, чешендер – достыққа да берік халық.
Облыстық «Вайнах» ұлттық мәдени орталығының төрағасы Увайс Джанаев: Біз кейінгі ұрпаққа 1944 жылдың 23 ақпанында чешен мен ингуш халқының басынан кешкен қасіреті туралы үнемі айтып отырамыз. Ондай қайғылы оқиғаның орын алуына сол замандағы тоталитарлық жүйе кінәлі еді. Бұған басқа ұлттардың кінәсі жоқ. Қайта қазақ халқы бізге пана болды. Солардың қонақжайлылығы, бауырмалдығы, адамгершілігі, қайырымдылығының арқасында чешен мен ингуш және басқадай жер аударылған халықтар аман қалып, бүгінгі халге жетті. Біз өз тілімізді үйреніп, салт-дәстүрімізді сақтап, дінімізді ұстап, емін-еркін өмір сүріп жатырмыз. Елімізде ұлт саясатын үйлестіру үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғанын білесіздер. Осы Ассамблеяның мүшелері еліміздің экономикалық, саяси өміріне араласып, мемлекеттік істерді шешуге қатысады. Бұған мысал ретінде Ассамблея мүшелерінің Парламент Мәжілісіне депутат болып сайланғанын айтуға болады. Осы Ассамблеяның қатарында көп жылдан бері республикалық «Вайнах» ұлттық мәдени орталығы және оның Қарағанды облыстық филиалы жұмыс жасайды. Бізде жексенбілік мектеп, ән-би ансамблі жұмыс істейді. Мектепте жастарымыз тіл үйреніп, үйірмеде тау халықтарының биін билеп, ән салады. Сөйтіп, оларды салт-дәстүрімізді ұмытпауға үйретеміз. Сонымен қатар, қазақстандық патриотизм мәселесін де ұмытпаймыз. Жүзден астам ұлттың басын қосып отырған Қазақстан біздің ортақ отанымыз, басымызға күн туғанда пана болған елді, жерді сыйлау қажеттігін үнемі құлақтарына сіңіреміз. Әсіресе, тұңғыш Президентіміз Н.На­зарбаевтың ерекше еңбегін айтамыз. Кавказда Нұрсұлтан Әбішұлын өте сыйлайды. Грозныйда оның атында көше бар, бюсті орнатылған. Мұның өзі екі елдің достығын көрсетеді. Осылайша, өткенді еске ала отырып, жастарымызды отансүйгіштікке, олардың қазақстандықтар екенін мақтан етуге үйретіп келеміз. Чешендер қазақ халқына өмір бойы қарыздар екенін ұмытқан жоқпыз. Мұны келер ұрпаққа, атадан балаға жеткізетін боламыз.
Бүгінгі «Біз – қазақстандықтармыз» айдарымен берілген мақалада чешен мен ингуш халқының басынан кешкен қиын күндер туралы қысқаша айтуға тырыстық. Қазақстанға күштеп әкелінген бұл халықтар 13 жыл бойы комендатураның бақылауында тұрды. Олар жұрт қатарлы еңбек етіп, еліміздің соғыстан кейінгі экономикасын қалпына келтіруге қатысты. 1957 жылы Чешен-Ингуш АССР-ін қалпына келтіруі туралы КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының жарлығы шыққан соң олардың дені туған жерлеріне оралды. Көбі Қазақстанда қалып, осы күнге дейін өмір сүріп жатыр. Олар Қазақстанды ортақ отанымыз деп біледі. Тарихи отандарымен байланысын үзбеген бүгінгі чешен ұрпақтары еліміздің игілігіне еңбек етуде. Басқа ұлттармен тату-тәтті өмір сүруде. Ең бастысы – 1944 жылдың ақпанында қақаған аяз бен үскірік боранда ен далаға келіп, қырылудың алдында болған қиын кезде көмек қолын ұсынған қазақтардың жақсылығын ұмытпақ емес.
Серік СЕКСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.


Количество просмотров: Счетчик посещений Counter.CO.KZ - бесплатный счетчик на любой вкус!

Есть вопрос или комментарий?..


Ваше имя Электронная почта
Получать почтовые уведомления об ответах:

| Примечание. Сообщение появится на сайте после проверки модератором.


Вернуться в раздел Статьи

Соседние подразделы:
70 лет спустя...
История
Документы
Фото
Аудио
Видео
Слушать online
НТРК "Ингушетия"
Местное время
Рассылка новостей
Общение на сайте
Online
Поиск по сайту
КонтактыПредседатель областного чечено-ингушского этнокультурного объединения «Вайнах», член областной Ассамблеи народа Казахстана- Увайс ХаважИевич Джанаев...
Открыть раздел Контакты
Жду тебяВ этой рубрике вы можете разместить заявку о человеке которого вы ищете в городах Алматы, Астана, Актау, Атырау, Караганда, Кокчетав, Павлодар, Экибастуз или просто в общую рубрику....
Открыть раздел Жду тебя
КазахстанРеспублика Казахстан является унитарным государством с президентской формой правления, утверждающее себя светским, демократическим, правовым и социальным государством, высшими...
Открыть раздел Казахстан
ДепортацияРаздел приурочен к 31 Мая, Дню памяти жертв политических репрессий сыновей и дочерей вайнахского народа, судьба которых так или иначе связала с Казахстаном....
Открыть раздел Депортация
Час творчестваВы пробуете писать... Вам есть что рассказать... Вы хотите поделиться своими мыслями... Пишите и присылайте на наш адрес. Материалы, прошедшие модерацию, будут опубликованы на сайте....

Открыть раздел Час творчества
Оставьте запись в нашей гостевой книге - мы будем искренне рады!...

Открыть раздел Гостевая книга
ОО ЧИЭКО "Вайнах" выражает благодарность администрации сайта www.e-chechnya.ru за предоставленную программу....
Открыть раздел Переводчик online